Ақтауда бірнеше шағынауданды жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырында апаттық жағдай болып, жылу беру уақытша шектелген болатын. Қазір апаттық орында «Каспий жылу, су арнасы» МКК мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев апаттық орынға барып, жағдайды бақылауда ұстауда. Сондай-ақ, оқиға орнына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, коммуналдық мекеме басшылары мен уәкілетті орган өкілдерімен жедел жиналыс өткізді.
- Құрметті тұрғындар ақау болған жер анықталып, екі жақтан ысырмалар (задвижка) жабылып, қысымы азайтылды. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы жерге келіп, коммуналдық қызметкерлермен жиналыс өткізіп, тапсырмасын берді. Аталған жиналыста осы ақауды реттеу мәселесімен қатар, болашақта да қандай жұмыстарды жасайтынымызды, яғни тез арада шұғыл қолға алатын шараларды талқыладық. Барлық техникалар жұмылдырылды. Қазір құбырларды алып келіп, осы жерде ауыстыру мәселесін қарап, арнайы жоспар бекітілді, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.