1-6 желтоқсан аралығында "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 25744 әскери бөлімінің жеке құрамы жауынгерлік даярлық бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теңіз жаяу әскері бөлімшелері оқу дабылы бойынша көтерілді. Әскери қызметшілер рота колонналарын түзу аудандарына беттеді.
Сабақтың басты мақсаты - бөлімшелер мен штаб командирлеріне бағынысты бөлімшелерді жауынгерлік әзірлікке келтіру кезінде оларды басқару бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру, сондай-ақ ескерту жүйесінің тиімділігін, жауынгерлік әзірлікті жоғары дәрежеге келтіру кезінде жеке құрам мен бөлімшелердің іс-қимылдарды жүзеге асырудағы үйлесімділігі мен практикалық дағдыларын тексеру.
Іс-шараға мыңнан астам әскери қызметші және 70-ке жуық жауынгерлік және арнайы техника жұмылдырылды. Тексеріс әскери күштердің белгілі бір жауынгерлік әзірлік деңгейіне келтіру қабілетін және кезекші күштердің мақсатты міндеттерін орындау даярлығын бағалауды көздейді.
"Даярлыққа кіріскен бойда теңіз жаяу әскерлері бөлімшелерінің белгі алған кезде жүзеге асыратын іс-қимылдары, көлікке материалдық - техникалық құрал-жабдықтар мен оқ-дәрілерді тиеуі, әскери техниканы парктен колонна лектерін түзу аудандарына шығаруы және шоғырлану аудандарында маршты аяқтау барысы пысықталды, сондай-ақ бөлімшелер бұдан кейінгі міндеттерді орындау үшін командалық пункттерді орналастырды", - деп атап өтті теңіз жаяу әскері бригадасының командирі, подполковник Жаннұр Сатқынов.
Айта кету керек, жауынгерлік әзірлік бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар аяқталғаннан кейін жеке құрам мамандықтар бойынша дайындыққа кіріседі, оның аясында бір жарым мыңнан астам әскери қызметші даярланады.