Ақтау гарнизоны әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдері жаңа оқу кезеңінің басталуы аясында дабыл бойынша көтеріліп, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесінен өтті. Аталған сабақтың басты мақсаты - командирлердің және штабтардың бағынысты бөлімдер мен бөлімшелерді жауынгерлік әзірлікке дайындау кезінде оларды басқарудағы практикалық дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ құлақтандыру жүйесінің тиімділігін тексеру, жауынгерлік әзірлікке барынша жақын жағдайларда жауынгерлік әзірлікті жоғары дәрежеге келтіру кезіндегі іс-қимылдардағы жеке құрамның практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Кемелерді орналастыру пунктінде тактикалық-саптық сабақтар шеңберінде жаудың диверсияға қарсы күштері мен құралдарын, оның ішінде Каспий теңізінің акваториясына қойылған міндеттерді орындау үшін жауынгерлік кемелерді, әскери-теңіз күштерінің қайықтарын шығара отырып тексеру жөніндегі мәселелер пысықталып жатыр. Барлық іс-шаралар бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік әзірлікке келтіру және толықтыру жоспарының есептеулерінің шынайылығын тексеру үшін жүргізіледі.
"Дабыл сигналын ала отырып, кемелер экипаждары кемені ұрысқа және жорыққа дайындау бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Кемелердің жауынгерлік бекеттері мен командалық пункттерінде қару-жарақ, техникалық және энергетикалық құралдар дереу қолдануға дайындыққа ауыстырылды", - деп атап өтті 3-дәрежелі капитан Мұрат Баймұханов.
Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдерінде жауынгерлік дайындықты тексеру кезінде 1500-ге жуық штаттық қару-жарақ, әскери және арнайы техника, сондай-ақ зымыран-артиллериялық кемелер, гетерогенді кемелер дивизиясының кемелері мен қайықтары жұмылдырылды.