Ақтау қаласының әкімі магистралдық құбырдағы ақауды мамандар жөндеп жатқанын мәлімдеді. Ал бірнеше шағын ауданда жылу беруге уақытша шектеулер енгізілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
«Каспий жылу, су арнасы» МКК хабарлауынша, бірнеше шағын ауданда жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырында апаттық жағдай орын алып, жылу беру уақытша шектеліп отыр. Қала әкімі апат болған жерге барып, жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
«Жоғары шағын аудандарды жылумен қамтитын магистралдық 800-дік құбырда ақау шықты. Коммуналдық қызметтер осында келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай менің бақылауымда», - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Қала әкімі бейнежазбада ақау кеткен жерді көрсетіп, уақытша келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім өтінді. Коммуналдық мамандар ақауды кешке дейін жөндеп, қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр.