Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабының 6-шы тармақшасында жеке және заңды тұлғалардың жаңадан сатып алған және тасымалдап әкелген малы туралы, ҚР АШМ № 16-04/679 (19.12.2014ж.) бұйрығымен бекітілген «Жануарларды өткізу қағидаларының» 4-ші тармағы бойынша мал иесі мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға жаңадан алынып жатқан (әкелінген) жануарлар, оларды өткізу туралы 3 жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті екенін ескертеді.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысына басқа аймақтардан мал тасымалдау өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл ретте кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларды мал тасымалдау кезінде құзырлы органдардың тексеруіне көптеген шектеулер қойылған.
Мысалы, тасымалданып келе жатқан малды тек тұрақты (стационарлы) полиция бекеттерінде және жедел алдын алу іс-шаралары кезінде ғана тоқтатып тексеруге болады. Яғни мал бағылатын нысандар мен мал тасымалдарын кез келген уақытта тексеруге құқы жоқ.
Бұл мемлекеттің кәсіпкерлікті, соның ішінде ауылшаруашылығы саласын барынша дамыту жолында жасап отырған мүмкіндіктері. Алайда оны пайдалану барысында кейбір мал иелері саналы түрде заңбұзушылықтарға барып жатады.
Басқа облыстан ауылшаруашылығы жануарларын тасымалдау, оларды сату туралы жергілікті ветеринария ұйымдарына дер кезінде хабарламау салдарынан аса қауіпті жұқпалы бруцеллез, туберкулез, биогельминтозды (эхинококкоз, трихинеллез, дерматомикоз, т.б.) аурулардың жануарлармен қоса адамдарға да таралу қатері туындайды.
«2017 жылы Түпқараған ауданында орналасқан жеке шаруа қожалығы Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысынан әкелген 200 бас сиыр туралы тиісті орындарға хабарламаған. Бұл жағдай 3-4 ай өткеннен соң белгілі болды. Жануарларды карантиндеу жүргізуі кезінде 9 бас сиырдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды. Бұл жануарлар түгелдей санитарлық союға жіберілді. Сондай-ақ өткен жылы осы аудандағы тағы бір шаруашылықтың Атырау облысынан тасып әкелген ұсақ малдарынан жұқпалы ауру белгілері табылды. Осыған сәйкес шұғыл шаралар іске асырылды» дейді «Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы» ММ бөлім басшысы Нұрсұлтан Дүйсебек.
Тағы бір мәселе - төрт түлік басын өсіріп отырған жеке қожалық жетекшілері өз малын бақылауға көп жағдайда құлықсыз. Айталық аудан-қала аумағында үй жануарларын асырауға қатысты арнайы бекіген қағидалар бар. Аталған құжатта жануарларды тіркеу, асырау, сатып алу, сату, тасымалдау тәртіптері мен төрт түлік иелерінің құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген.
Қағида бойынша көшелер, алаңдар, саябақтар, темір жол мен автокөлік жолдарына тиесілі аймақтарда және басқа да қоғамдық орындарда мал жаюға және қараушысыз бос жіберуге тыйым салынады. Яғни, үй жануарлары жергілікті әкімдіктермен белгіленген жайылымдық жерлерде жайылуы тиіс.
Қазіргі жағдайға келсек, мүлдем керісінше екенін байқауға болады. Түйе, жылқы, сиырлар жыл он екі ай жайылымдарға қараусыз жүреді. Тіпті қолға ұстап отырған сауын малдарды күніне 2-3 мезгіл сауғаннан басқа уақытта иесі ауладан шығарып, айдап жібереді.
Осылайша олар көшеде, көлік және теміржолдарда, қоғамдық орындарда қараусыз жүреді. Нәтижесінде, мал ұрының оңай олжасына айналады немесе автокөлік, пойыздың астына түседі.
«Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша, тек 2019 жылдың өзінде жолдағы мал салдарынан 111 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай 4 адам қаза болды. Тағы 10 адам әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Егер азаматтар өз малына ие болмаса немесе мемлекеттік органдардың ұсыныстарын іске асыруға құлықсыздық таныта берсе, бұл көрсеткіштің алдағы уақытта төмендейтіне еш кепілдік жоқ» дейді Н.Дүйсебек.
Өзекті мәселе бойынша аймақ әкімдігі полиция ішкі істер департаментімен бірлесе соңғы екі жылда көптеген іс-шараларды атқарды. Мәселен, үй жануарларын жолда қағу деректерін азайту мақсатында, ірі малдарға жарық шағылыстырғыш жолақтар (лента) тағу не арнайы бояулармен белгі салуды ұсынып, өңір аумағындағы ауылдардың тұрғындарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен бірге БАҚ-да, әлеуметтік желілерде мәселе кеңінен талқыланды. Нәтижесінде, төрт түлік иелерінің кейбірі ғана өз малына жарық шағылыстырғыш жолақтарды тақты. Алайда бұл жұмыстарды атқаруға азаматтардың басым көпшілігінің ынтасы әлі күнге төмен екені байқалып отыр.