Облыс аудандары мен Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, есеп берген Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев Ақтау қаласында қорытынды есептік кездесу өткізді. 600-ге жуық кәсіпкер жиналған басқосуда ол бүгінде өңірімізде 54 мыңға тарта бизнес субъектісі бар екенін айтты.
- Облыстағы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жобалар құны — 57 миллиард теңгеге жетіп, республика бойынша -орында тұр, - деді Нұрбек Қарасайұлы. - «Бастау бизнес» бойынша 1705 жұмыссыз адам оқытылса, «Жас кәсіпкер» арқылы 700 адам бизнестен білім алды. Олардан 626-сы жеке кәсібін ашты. Жүзеге асқан жобалар құны — 826 миллион теңге.
Өткен жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасына 134 кәсіпкер араша сұрап, арызданды. Бұлардың 76-сы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің құқығы қорғалуы нәтижесінде 1,8 миллиард теңге бизнеске өндірілді. Күрделі мәселелер негізінен жер қатынастары, сатып алулар, сервистік қызмет, мемлекеттік органға шағымдану болып келеді.
Елімізде цифрландыру жүйесіне қосылу мақсатында жүзеге асқан «Atameken services» электронды қызметі көмегімен 5 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. 6 мыңға жуық іскер азаматқа электронды қызмет көрсетілді.
Маңғыстауда «Қарапайым заттар экономикасымен» 71 жоба қарастырылды. Соның 38-і нақтыланып, құны 57 миллиард теңге болатын мал өсіру, көкөніс егу, қойма қызметі, пластик шығару, медициналық қызметтер секілді кәсіптер ашылды.
Сондай-ақ МО кәсіпкерлер палатасының күшімен өңірлік скрининг өтті. Оған облыстағы үй шаруасында отырып, кәсіппен айналысқан 95 мыңнан астам адам қатысты. Оның қорытындысы кәсіпкерлердің әлеуметтік салаларын айқындауға, елді мекендердің экономикалық базасын анықтауға, аудандардың мамандандыру карталарын қалыптастырып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бизнес-жобаларды жасақтауға көмегін тигізбек.
Бизнеске есеп берген 5 аудан және екі қалада өткен кездесулерде кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер жинақталып, орталық аппаратқа және жергілікті билікке жолданады. Осылайша бизнестегі кедергілер мен түйіткілді сұрақтар бірлесіп шешімін табуға сеп болады деп сенеміз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА