Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов пен Таушық ауылының әкімі Шалқыбай Әзірбаев ауданның және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2019 жылы атқарған жұмыстарының есеп беру кездесуін өткізді. Есеп беру кездесуіне «Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысының орынбасары Әділбаев Есенқос Естөреұлы қатысты.
Бүгінде Таушық ауылы бойынша халық саны жылдан-жылға өсіп көбеюде. Статистикалық есеп бойынша ауылдағы тұрғындар саны 3150-ге жетіп, тұрғын үй саны-477-ге жетті. Белсенді халық саны-1618 болды. 25 неке тіркелді. «Алтын алқа» иегері 50 және «Күміс алқа» иегері 54. Жеке кәсіпкерлік нысандар саны - 29. Әлеуметтік нысандар саны - 8.
Таушық ауылы ауыз сумен 100% қамтылған. «Альянс ЛТД» ЖШС 2019 жылдың маусым айында 465 учаскеге су құбырын тарту жұмыстары аяқтап, халыққа игілігіне берілді. Ауыл 18 шақырым асфальт жол және 3 шақырым жаяу жүргіншілер жолымен қамтамасыз етілген. Ауыл ішінде Қ.Жұбайұлы көшесіндегі ұзындығы 800 шақырым ескірген асфальт жол демеушілік көмекпен қайта жаңартылды. Ауыл ішіндегі М.Тышқанбаева көшесіне 800 шақырым қатқыл табанды жол салынды. Ардагерлер көшесіне 400 шақырымға дейінгі жеріне тегістеу жұмыстары жүргізілді. Таушық ауылындағы 465 учаскенің 401 учаскесіне газ тарту үшін «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне инвестициялық жобаға ұсынуға жіберілді.
Ауыл ішіндегі 3 балалар алаңы заман талабына сай жасақталған. Т.Балтабасұлы көшесіндегі балалар ойын алаңы «Күншуақ» балабақшасы және Ардагерлер көшесіндегі балалар ойын алаңына жаңарту жұмыстары жүргізілді. Таушық ауылында 2007 жылдан бері жеке тұрғын үй салу үшін 566 өтініш тіркелді.Тұрғын үй салуға жер телімін беру кезегін азайту мақсатында 465 тұрғын үйге ықшамдалған бас жоспар жасақталды. Қосымша 500 тұрғын үйге ықшамдалған бас жоспар бекітілді. Бүгінгі таңда 2007-2008 жылғы арыз берген азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер телімдерін бөлу жұмыстары басталуда.
Ауылда «Айгүл», «Күншуақ», «Гауһар» балабақшалары жұмыс жасайды. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%.
Электр жүйесі бойынша тұрғындарға электр энергиясын таратуда жыл ішінде ешқандай үзіліс болған жоқ. Кейбір трансформаторларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдың кіреберісіне 1,3 шақырым жеріне демеушілік көмекпен жаңадан электр бағаналары орнатылды. Х.Елмұханбетов, Н.Тұмсық көшелеріне қосымша 5 тоқ желісі тартылып, түнгі көше жарықтары толықтай электр энергиясын үнемдейтін жарық шамдарымен қамтылды.
Ауылда 29 сауда нүктесі қызмет көрсетеді. 71 адам жұмыспен қамтылған. 2019 жылы 1 шаруа қожалығы тіркелді. 2 кәсіпкерге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 10,0 млн. теңге көлемінде, Даму кәсіпкерлікті дамыту қорынан 4 млн теңге көлемінде несие берілді. «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлерді оқыту бағдарламасы арқылы 22 адам оқытылды. Оның 14-і бизнес жобасын қорғады. «Бизнес – Бастау» жобасы бойынша 9 адам әрқайсысы 505,0 мың теңгеден мемлекеттік грант алып өз істерін бастап кетті.