Парламент Сенатының депутаттары Михаил Бортник пен Бақтыбай Шелпеков Маңғыстау өңіріне жұмыс сапары аясында Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында болды. Арнайы экономикалық аймақтың басшылығымен кездесу барысында АЭА қызметінің нәтижелері мен оның даму келешегі талқыланды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлайды.
Сенаторлар арнайы экономикалық аймаққа қатысушы кәсіпорындарда: «Ақтау теңіз портында», жылына 160 мың тонна асфальтбетон өндіретін «Каспий Тас Жол» қиыршық тас-мастикалық зауытта және газ-герметикалық қосылысы бар қуаты жылына 45 мың тонна құбыр жасалатын «Қазақстан Пайп Тредерс» құбыр кесу зауытында болды.
Талқылау барысында салынған 1 теңге бюджеттік инвестицияға 19,1 теңге жеке инвестициялар тартылғаны, сондай-ақ 4 теңге салық аударымдары төленгені атап өтілді. Сонымен қатар проблемалық мәселелер айтылды, оның ішінде жаңа әлеуетті инвесторларды тарту үшін АЭА қызметінің басым бағытын ауыстыру, арнайы аймақтың инфрақұрылымын салуды республикалық бюджеттен қаржыландыруды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ салық заңнамасының кейбір мәселелері қаралды.
Депутаттар өңірлердің экономикасы мен шағын және орта бизнесті дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті, оның ішінде 2019 жылғы наурызда қабылданған «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңның негізгі ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сенаторлар сондай-ақ Ақтау қаласындағы Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымымен де кездесті. Өңірдегі мұражай ісін қолдау, жас мамандарды даярлау, мұражайға келушілерді көбірек тарту үшін қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Депутаттар сонымен қатар қуаттылығы тәулігіне 25 мың текше метр болатын «Каспий тұщыту зауыты» серіктестігінде де болды. Талқылау барысында ауыз су өндіруді тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру мәселелері қозғалды. Сенаторлар 2025 жылға қарай тәулігіне 95 мың текше метрден астам ауыз су тапшылығын жою қажеттігін атап өтті.