Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысында бастау алған пилоттық жоба келер жылы Маңғыстауда жалғаспақ. Президенттің “Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны масштабтау” туралы тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласына төмен пайызбен несие беру жоспарлануда,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Пилоттық жобаға республикалық бюджеттен 2023 жылға 800 млн.теңге бөлініп, 170 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр. Нәтижесінде, барлығы 180-ге жуық жаңа жұмыс орын құралады деп күтілуде.
Жобаның мақсаты:
Ауыл халқының табысын арттыру үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-бен несие беріледі.
-Несие беруші өкіл нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып, ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны ауқымдау шеңберінде үміткерлерге келесі талаптарға сәйкес микрокредиттер береді:
1) микрокредит мерзімі – 5 (бес) жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін;
2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда 8,6 млн.теңгеге жуық.
зәкірлік кооперацияны дамыту үшін –27,6 млн. теңгеге жуық.
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5% - дан аспайды;
4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;
5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы,-деді Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Аталған микрокредиттер 2023 жылдың наурыз-сәуір айларынан бастап берілмек.