8 қазан күні Ақтауда дәстүрге айналған «Мисс Ақтау - 2022» байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Байқауға ақылы мен көркі жарасқан 14 сұлу қатысты. Олар 5 кезең бойынша сайысқа түсті. Алғашқы кезеңде арулар өзін таныстырса, екінші кезеңде таланттарын сынға салды. Үшінші бөлімде дефиле, кейін сұрақ-жауап болып, арулар соңғы кезеңде кешкі көйлекпен сахнаға шықты.
Әділ қазылар алқасының шешімімен 21 жастағы ақтаулық ару Жанна Кубышева «Мисс Ақтау-2022» атанды. Ал сайыстың жүлделі бірінші орынды Ару Исатаева, екінші орынды Әсел Бердаулет алса, үшінші орын Назерке Басшықызына бұйырды.
-Сайысқа дейін қатысушылар іріктелді. Байқауға қатысқан,финалға шыққан барлық қатысушыларымыз «Мисс Ақтау» титулына лайықты деп ойлаймын. Қыздардың бәрі әдемі, таңдау қиынға соқты. Өкінішке орай, жүзден жүйрік бір ғана жеңімпаз болады, дейді «Мисс Қазақстан» ұлттық байқауының аймақтық директоры Айжан Сисеналиева.
Байқаудың мақсаты - мәдени мұраны, қазақ тілін, ұлттық қасиетті, ұлттық киімді сақтау әрі насихаттау.
Айта кетейік, 18 қараша күні Алматыдағы Республика сарайында «Miss Qazaqstan -2022» ұлттық сұлулық байқауы өтеді. Сол сайысқа Ақтаудың атынын жеңімпаз Жанна Кубышева қатысады.