"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ ғарыштық мониторингісінің көмегімен 2022 жылы Маңғыстау облысында 89 нүктеде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, оның 52-сі жойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мониторинг барысында қоқыс үйінділері Ақтау қаласында 7 орыннан, Мұнайлы ауданындағы 14, сонымен бірге Түпқараған ауданында 11, Қарақия ауданында 2 және Жаңаөзен қаласындағы 55 нүктеден анықталды.
Экологтар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне қатысты тексеру жүргізді. Мұндай рұқсат етілмеген қоқыстар үйінділері Ақтау, сондай-ақ, Түпқараған және Қарақия аудандарында әкімдіктің араласуымен толығымен жойылғаны белгілі болды.
Бұл ретте Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жұмыс барысында кідіріп жатқаны анық байқалды. Қазір қала бойынша анықталған 55 полигонның тек 28-і ғана жойылған. Тағы 27 қоқыс үйіндісі өзгеріссіз қалпында тұр. Одан кейін Мұнайлы ауданында анықталған 14 қоқыс үйінділерінің әзірге 4-і ғана жойылып үлгерді. Қалған 10 нүктедегі қоқысты жою жұмыстары әлі жүргізілген жоқ.
Маңғыстау облыстық экология департаменті тұрмыстық қалдықтар заңсыз жиналған орындар табылған аудан мен қала әкімдеріне өз аумақтарын тазарту жұмыстарын жедел түрде жолға қоюды ұсынып отыр. Лауазымды шенеуніктер өздеріне сеніп тапсырылған аумақтардың тазалығын қамтамасыз етпеген жағдайда, экологтар ҚР ӘҚБтК сәйкес шара қолдануға мәжбүр.
Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев халық арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын, бірақ соған қарамастан жыл сайын қоқысты заңсыз шығару деректерінің саны артып келе жатқанын жеткізді.
"Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, экология департаментінің, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы тұрақты негізде рұқсат етілмеген қоқыстарды жою бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Тіпті, 100-ден астам жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тұрғындарды коммуналдық ұйымдармен келісім-шарт жасауға асығуға шақырған жайттар да тіркелді. Тағы бір ескеретін мәселе, өңірде халық санының күрт өсуінен тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі артып келеді", - деді ол.
Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы секторына жауапты шенеуніктер қоқыс полигондарын жою талаптарын елемеген жағдайда, экологтар айыппұл салудан басқа амал жоқтығын алға тартты. Осы орайда экологтар қалдықтардың жиналып қалған рұқсат етілмеген көлемін жоюды ұсынып отыр.
"Өңірдегі аудан мен қала әкімдіктерінің лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес қаланы және жақын маңдағы елдімекендерді абаттандыруға тікелей жауапты уәкілетті тұлғалары, оның ішінде атқарушы органның басшылық құрамы бар. Егер әкімдіктің әрекеттерінде заңсыз қоқыс үйінділері бойынша экологиялық талаптардың бұзылуы анықталған жағдайда, экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы шенеунікке қатысты әкімшілік хаттама жасауға құқылы. Ол бойынша айыппұл салуға болады. Бүгінгі таңда жаңа кодекс аясында айыппұлдар өте маңызды", - деді Маңғыстау облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Мақсат Айсин баспасөз отырысы кезінде.