Жаңаөзен қаласының әкімдігі "ӨзенИнвест" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының қаржы-шаруашылық қызметіне мониторинг жүргізіп, бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Материалдар тиісті органдарға жолданып, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, тексеру барысында Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу, азаматтарды жұмысқа қабылдау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы арнайы қала әкімдігі мен "Өзенмұнайгаз" АҚ арасында жасақталған орталықтандырылған сызбаның, оның ішінде мұнай саласына аутстаффинг мекемелеріне жұмысқа қабылдау тәртібінің сақталуына мониторинг жүргізу барысында "ӨзенИнвест" мекемесіне қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы тізім бойынша жолданған жұмыссыз азаматтардан тысқары 72 адам жолдамасыз, яғни басшының ішкі бұйрығымен жұмысқа қабылданғандығы анықталды. Олардың 39-ы әрі қарай "Таза су","BN GROUP" серіктестіктеріне жұмысқа орналасқан. Заңсыз шешім "ӨзенИнвест" мекемесінің басшылығымен қабылданған және оған инженерлік-техникалық құрамының қатысы бар екендігі белгілі болды. Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасынсыз қабылданған азаматтар сол бойда кері қайтарылып, жұмыстан шеттетілді.
Қазіргі таңда қызметтік тексеру жұмыстары әрі қарай жалғасуда. Қала, ауыл тұрғындарын аутстаффинг арқылы жұмысқа орналасу тек қана қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде бірыңғай орталықтандырылған жүйеге - схемаға сәйкес іске асырылылады.