Бүгін Ақтауда 7 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Соның бірі - ұлттық құндылықтар мен тәрбиеге бағытталған «Алаш» лицейі. Аталған мектепте қарапайым қоңырау орнына қазақтың күйлері күмбірлейді. Ойналатын күйлер әр 10 күн сайын ауыстырылып тұрмақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау қаласы бойынша жаңа оқу жылында бірінші сынып табалдырығын 6750 оқушы аттаса, оның 44-і осы «Алаш» лицейіне барды. Мектептің ашылуына еңбек ардагерлері қатысып, оқушыларға сәт-сапар тіледі.
Математика мен жаратылыстану бағытын тереңдетіп оқытатын лицейде барлығы 250 бала, 16 сынып бар. Мұнда балалардың 3 мезгіл тамақтануына жағдай жасалған. Оқушылардың уақытын тиімді өткізу мақсатында академиялық, шығармашылық, спорттық үйірмелері жұмыс істейді. Түрлі шығармашылық үйірмелер арасында айтыс, аспаздық өнерлері де бар. Өңірге белгілі айтыскер ақындар балалардың қабылетін шыңдап, айтыс өнеріне баулиды. Мектептің тағы бір ерекшелігі, оқушылар мұнда ұялы телефон ұстамайды.
Айта кету керек, өңірдің барлық мектептері жаңа оқу жылыны қарсаңында тексеруден өтті. Ақтауда жаңадан ашылған мектептердің біреуі мемлекеттік, қалған алтауы жеке меншік.