Бүгін, 27 тамызда Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, басқарма басшылары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Салтанатты шарада Бекбол Орынбасаров маңғыстаулықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
-Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор мереке – Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтаймын. Еліміздің Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие болып отырғанын дәлелдеді. Халық билігі, теңдік, бірлік, заң үстемдігі сияқты қастерлі ұстанымдар Қазақстанның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түсті.
Конституция мемлекеттігіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты. Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды. Ата Заңымызға үстіміздегі жылдың 5 маусымында өткізілген жалпыхалықтық референдумда қабылданған түзетулер Қазақстан Республикасының зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі іргетасын бекіте түсті. Тәуелсіз еліміздің Конституциясы қабылданған күнмен құттықтай отырып, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, құт-береке мен жайлылық тілеймін. Рухтарыңыз асқақ, келешекке деген сенімдеріңіз айқын, жігерлеріңіз қайратты, әрбір бастамаларыңыз ел игілігі үшін жемісті болсын! Мереке құтты болсын, ағайын!,- деді Бекбол Орынбасаров.
Шара аясында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Одан соң мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті.
Шара соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.