Осыдан 30 жыл бұрын, 1992 жылы 18 тамызда Шекара әскерлерін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Содан бері қазақстандық шекарашылар Отан қауіпсіздігі мен бейбітшілігін күзетіп тұр. Мереке қарсаңында ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығы Асхат Ахметов осы күнге дейінгі жетістіктерін айтты,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Асхат Ахметовтің айтуынша, шекара қызметінің қалыптасуы Тәуелсіздіктің басқа да атрибуттарының қалыптасуы сияқты күрделі жағдайда өтті. Өйткені, шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез-келген мемлекеттің басты міндеті. Бірақ Шекара қызметі, полковниктің айтуынша, кездескен барлық сынақтан өтіп, бүгінде мемлекеттік шекараны күзету және қорғау жолында қойылған міндеттерді табысты орындап келеді.
Бүгінгі таңда шекара қызметі жаңа қарулармен жабдықталған.
- Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында жыл сайын қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен, жаңа жабдықтармен және қару-жарақпен жарақтандыру жүріп жатыр. Қазіргі уақытта құрлық шекарасының көптеген учаскелері заманауи сигнал беру жүйелері "Зияткерлік шекара бөлімшелерімен" қорғалады. Сонымен қатар шекара бейнекамералармен, датчиктермен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықталған. Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараның 6 акваториясы қазіргі заманғы кемелермен және жылдам катерлермен, сондай-ақ жағалаудағы радиолакациялық станциялармен қорғалады, - дейді Асхат Ахметов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда біздің департамент Өзбекстанмен және Түркіменстанмен мемлекеттік шекараны, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық акваториясындағы аумақтық сулар мен континенттік қайраңды күзетіп, қорғайды. Шекаралық кеңістікте заңдылық пен белгіленген тәртіпті сақтайды, табиғатты қорғау ұйымдары мен Каспийдің биологиялық ресурстарын қорғау жөніндегі құқық қорғау органдарына көмек көрсетеді.
- 2020 жылдың қаңтар айынан бастап департаменттің әскери қызметшілері мемлекеттік шекара мен аумақтық суларда 80-нен астам шекара бұзушыны ұстады. 30 килограмнан астам есірткі заттары мен 400 килограмнан астам контрабандалық тауарлар тәркіледі. Сонымен қатар теңізде 100 шағын жүзу құралы ұстап, олардан 1000 шақырымнан астам балық аулау құралдарымен 100 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді және табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Алдын ала келтірілген шығын шамамен 9 млрд теңгені құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Ол бүгінгі меркемен ардагер шекарашыларды және бүгінде Қазақстан шекарасының шебінде жүргендерді құттықтады.
- Барлық уақытта шекара күзетшілері ерліктің, батырлықтың және Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Жеке құрам алдағы уақытта да өзінің әскери борышын абыроймен орындап, қойылған міндеттерді іске асыруға белсенді қатысатынына нық сенім білдіремін. Шекарадағы қызыметтің ауырлығы мен жауапкершілігіне қарамастан, сіздер кез-келген жағдайда кәсіби шеберлік пен қырағылық танытасыздар. Сіздердің арқаларыңызда шекарамыз сенімді қорғалған. Сіздерге мол денсаулық, отбасылық бақыт, және ел игілігі жолындағы қызметте табыс тілеймін!