Ақтау қаласынан 43 шақырым жердегі жағалау аймағына баратын жол қайта ашылды. Аталған жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты уақытша жабылған болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
-Әлеуметтік желіде Ақтау қаласынан 43 шақырым жердегі жағалау аймағына баратын жолдың жабылуы соңғы кезде көп талқыланды. Бұл жол жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылған болатын. Енді қайта ашылды. Айта кетейін, Ақтау қаласындағы 43 шақырымдағы жағалау облыс бойынша шомылуға тыйым салынған он аймаққа кіреді. Тұрғындар өзінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін бұл жерге түспеуі керек. Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан Маңғыстау облысында 7 адам, оның ішінде 1 жасөспірім көз жұмды,-деді Білімғали Сұлтанов.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері теңіз жағалауындағы құқық бұзушылықтар бойынша 60 адамға хаттама толтырылған. Оның ішінде, 364-баптың 1-бөлігіне сәйкес, тыйым салынған жерлерге шомылғандары үшін 52 адамға хаттама толтырылып барлығы ескерту алған. Сондай- ақ, теңіз жағалауында ішкілікті күйде болған үшін, 8 адамға 440-бапқа сәйкес шара қолданылған.
Брифингке қатысқан Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықовтың мәліметінше, жүргізілген талдауларға сәйкес, суда қаза болудың негізгі себептеріне қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, атап айтқанда тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға шомылу, мас күйінде суға түсу, сондай-ақ балаларын қараусыз қалдыратын ата-аналардың жауапсыздығына байланысты болып отыр.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, төтенше жағдайлар департаменті күнделікті патрульдеу арқылы 431 рейд жүргізіп, 18 мыңнан астам үгіт материалдарын таратқан,сондай-ақ 1493 волонтер тартылып, оқу орындарында 110 интерактивті сабақ өткізілген.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Айжарықов ересектер мен балаларға шомылу кезінде келесі негізгі ережелерді есте сақтау қажеттігіне тоқталды:
1)«Шомылуға тыйым салынады» белгілері орнатылған жерлерде шомылмауға;
2)Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде, оның ішінде қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи түзілімдерден (жартастардан, қойтастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан), сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан сүңгуге болмайды.
3)Ересектердің еріп жүруінсіз балаларға суға кіруге болмайды;
4)Алкогольдік және есірткілік мас күйінде суға шомылуға болмайды;
5)Шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзуге болмайды;
6)Жүзудің шекарасын белгілейтін буйкадан асып жүзбеңіз;
7)Шағын көлемді (оның ішінде ескекті) кемелерге кіріп және су астында жүзу үшін пайдаланылатын (адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кемелерді қоспағанда) жағажайлар мен акватория учаскелерінде маневр жасамау керек екенін ескертеміз.
8)Алысқа жүзбеңіз, өйткені өз күшіңізді есептей алмай қалуыңыз мүмкін
9)Толқындар пайда болған кезде дереу жағаға шығу керек, өйткені батып кету қаупі күрт артады.