Қалалық әкімдік тұрғындардан санитарлық нормалардың шамадан тыс бұзылуына байланысты арыз-шағым түскен соң, кәсіпкерлерді жауапқа тарта бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қалалық әкімдігіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары кәсіпкерлермен бірнеше рет кездесу өткізген. Теңіз жағалауындағы кәсіпкерлердің ешқайсысы қоқыс қалдықтарын шығару туралы арнайы мекемемен келісімшарт жасалмағанын анықтаған.
"Біз кәсіпкерлерге қоқыс шығару үшін арнайы компаниялармен келісімшарт жасау керек екеніе бірнеше рет ескерткен болатынбыз. Заң талабына сәйкес әрбір объектінің жеке контейнері болуы тиіс. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлер бұл ережені сақтаған жоқ. Дәмхана қызметкерлерінің қоғамдық орындарды ластанғанын көзімен көрген куәгерлердің айтуынша, олар ыстық су, қайнаған шәй мен кофенің қалдықтарын өсіп тұрған ағаштарға жиі төгіп жатқанын көрген", - дейді қалалықТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анвар Туляков.
Қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандарының сөзінше, күнделікті рейдтік іс-шаралар өз нәтижелерін көрсетіп келеді. Ескерту алған 25 кәсіпкердің 8-і бейінді компаниялармен келісімшарт жасап, қоқыс контейнерлерін орнатқан.
- Бұған дейін теңіз жағалауындағы кәсіп иелеріне қысқа мерзімде қоқыс қалдықтарын шығару жөнінде арнайы компаниялармен келісімшарт жасауы міндетті екендігі бірнеше рет ескертілді. Енді талап күшейді. Санитарлық нормаларды бұзғаны кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң шеңберінде жазаланатын болады. Қоршаған ортаның тазалығы Ақтау қаласы әкімдігінің ерекше бақылауында, - делінген әкімдік хабарламасында.