Ақтаудағы №55 «Қыран» балабақшасының қызметкерлері мен ата-аналар бөбекжай басшысына наразылық білдіріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы 13 шағынауданда орналасқан «Қыран» балабақшасының тәрбиешілері басшыларының 4 айдан бері жалақыны кешіктіріп бергеніне шағымданды. Бөбекжай мамандары жалақыдан бөлек мәселе көп екенін айтады. Мамандардың сөзінше тиісті зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру үшін де төлем жасалмаған. Соның кесірінен кейбір қызметкерлер бала күтіміне байланысты еңбек демалысына да шыға алмай жүр екен. Директордан «1 шілдеден бастап жекеменшік балабақшаны жауып, қызметкерлерді жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жібереміз» деген хабарлама алған қызметкерлер құзырлы органдарға арызданып жатыр.
- Еңбекақымыз уақытылы берілмейді, зейнетақы жарнасы төленбегеніне 3 ай болды. Балабақшаның жөндеу жұмысына керек-жарақ аламыз деп жалақымыздан 5 пайыз ұстап жатыр. Соңғы айларда зейнетақы жарнасы төленбегендіктен кейбір қыздар бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алмай отыр, - дейді тәрбиеші Ләззат Бақытжанова.
Осы балабақшада балалары тәрбиеленіп жатқан ата-аналар да «директор қаржыны үнемдеп, балаларға дұрыс тамақ бермейді» деп ашулы. Ата-ананың айтуынша балабақшада балаларға рұқсат етілмеген әрі сапасыз тамақ береді.
- Балаларға консервіленген ет береді екен. Біз әр балаға 25, 15, 45 мыңнан ақша төлеп отырмыз. Тіпті, білім басқармасынан да ақша түседі балабақшаға. Ең болмағанда балалардың тамағын дұрыстап берсе болады ғой, - дейді ата-ана Динара Асылтаева.
Ал 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған балабақшаға тексеріс ашуға ешкімнің құзіреті жоқ. Қалалық білім бөлімінің жекеменшік балабақшаға тек оқу-әдістемелік нұсқама беруге ғана құзыреті бар екен. Білім бөлімінде балабақшаны ашқан кәсіпкерлер арасында дау туып, жағдай шиеленісіп кеткенін айтып отыр.
- Наразылықтың туындауы жеке кәсіпкерлердің арасындағы келіспеушіліктің әсерінен туындап отыр. Бүгінгі таңда МО ішкі аудит департаментінің тарапынан мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша Ақтау қалалық біліміне зерделеу жүргізіліп, нұсқа келді. Білім бөлімі тарапынан экономикалық сотқа жолданды, - деді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.
Махаббат Нұржанқызы