Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы Айдар Бисеновтың мәліметінше 400-ден астам үй басқарудың жаңа нысанына көшу керек. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша 95 үйде ғана 72 мүлік иелерінің бірлестігі тіркелген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сітеме жасап.
- Қазіргі таңда, қаламызда 1115 көппәтерлі тұрғын үй бар. Кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша 95 үйде 72 мүлік иелерінің бірлестігі тіркелді және жаңа нысанға көшпеген әлі 400 шақты үй бар. Бұл үйлерді толықтай жаңа нысанға 1 шілдеге дейін көшіру жоспарлануда, - деді Айдар Бисенов.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 7 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері» бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгеннен бастап, тұрғындарға мүлік иелері бірлестігі немесе жай серіктестік құру туралы түсінік жұмыстарын беру ұйымдастырылған.
«Маңғыстау облысының мүлік иелері бірлестіктерінің қауымдастығы» Ақтау қаласы 6-шағын аудандағы «Жастар» үйінде, 11 және 15 кеңседе, тұрғындарға мүлік иелері бірлестігін құрудағы жұмыстарына тегін кеңес беріп, құжаттардың дұрыс толтырылуына бағыт-бағдар береді. Қазіргі таңда 1000-нан астам көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарына МИБ құру туралы түсінік жұмыстары жүргізілген.