Маңғыстау облыстық референдумды қолдау қоғамдық штабының өкілдері «Референдум. Online Марафонына» қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Онлайн марафонға Қазақстан бойынша тоғыз өңір қатысты. Маңғыстау облысы тікелей эфирде Ақтөбе облысынан кейін сөз алып, референдум бойынша өңірдегі жағдайды баяндады. Марафонда Маңғыстау облысының атынан «Партиялық емес бақылау орталығы» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Бағлан Кеңбейілов пен Референдумды қолдау қоғамдық штабының жетекшісі Бекмұрат Жүсіпов сөз сөйледі.
- Референдум нәтижесінде қазіргі Конституциядағы 30-дан астам бапқа өзгеріс енгізілмек. Бұл саяси жүйені қайта құру шараларын қамтып, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылы форматын жаңартып, Конституциялық реформаның қоғамдық күштердің, сарапшылар мен азаматтық белсенділердің бастамаларына негізделмек. Әр азамат Конституцияға өзгерістер енгізудің өзектілігі туралы өз пікірін білдіруге құқылы. Президенттің Конституцияға ұсынылатын түзетулерді бүкілхалықтық дауыс беруге шығарғаны өте дұрыс шешім деп ойламыз, - деді Бекмұрат Жүсіпов.
Ал «Партиялық емес бақылау орталығы» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Бағлан Кеңбейілов өңірдегі сайлау учаскелерінің жағдайын баяндады.
- Бүгін қоғам өкілдері облыстың барлық учаскесінде бар. Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінде рәсімдерді бұзу фактілері анықталған жоқ. Партиялық емес байқаушылар ұйымы, Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы, облыстық кәсіподақ орталығы тарапынан облыста орналасқан 217 ашық учаскесіне 651 өкіл ашықтық пен дауыс беру тәртібінің орындалуын байқау бойынша жіберілді. Таңертеңнен бастап өңір тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланды, - деді Бағлан Кеңбейілов.