Маңғыстау облысының "Азаматтық альянс" ЗТБ президенті Жібек Ахметова 13-шағынаудандағы №28 учаскеде өз таңдауын жасады.
— Референдум — адал және халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолындағы жауапты да маңызды қадам. Қазір өзіміздің азаматтық ұстанымымызды көрсетіп, жарқын болашақ үшін дауыс беру аса маңызды. Білесіз бе, мен шынымен де біздің халықтың белсенді болғанын көріп отырмын. Тұрғындар шын жүректен сенеді және өз дауыстары ел өміріне әсер етеді деп үміттенеді. Сондай-ақ, Қазақстанның "Азаматтық альянсы" бүкіл облыс бойынша 200-ден астам референдум учаскелеріне өз бақылаушыларын ұсынғанын атап өткім келеді. Бақылаушылардың айтуынша, халық референдумға өте жақсы қатысып жатыр, бұл қуантарлық жағдай, – деді Ж.Ахметова.
Жібек Ахметова — 2016 жылдан бері облыстық "Азаматтық Альянс" ЗТБ президенті. Бос уақытында әйел психологиямен айналысады және саяхаттайды. Оның айтуынша, ол басқа елдер мен халықтардың мәдениетін білуге қызығушылық танытады. Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы да референдумға қатысты. №28 учаскенің қорытындысы бойынша жарты күнде 500-ге жуық адам дауыс берген.
— Жұмыс таңғы 7:00-ден басталды. Ең бірінші — вахтада істейтін жұмысшы дауыс берді, екінші — сәуірде 18-ге толған қыз келді. Жалпы келушілер қарасы қалың. Айта кету керек, №28 учаскеге көбіне зейнеткерлер мен жастар келді. Референдум аяқталғанға дейін учаскеге дауыс беруге тағы біраз адам келетініне сенімдімін, – деді №28 учаскелік комиссиясының төрайымы Люция Нұржанова.