Маңғыстау облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 252 сауықтыру орны жұмыс істейді. Алдымен әлеуметтік топтағы отбасыдан шыққан 27 629 бала демалады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанованың айтуынша, облыста 155 127 оқушының 91,2% жазғы сауықтырумен қамту жоспарланып отыр.
- Балалардың жазғы демалысы 2 бағытта ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жазғы сауықтыру және балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, яғни еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік шаралармен қамту жұмыстары. Қала сыртында 4 лагерь, мектеп жанынан тамақтандырумен 86 лагерь, мектеп жанындағы 85 кәсіптік және 77 шатырлы лагерь жұмыс істейді, - дейді Айжақсы Тұржанова.
Ал жазғы мезгілде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Бала қорғау» телеграмм чаты және 111, 607515 сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық бағыттағы лагерде 8-10-сыныптың 300-ге жуық оқушысы демалып, кәсіби бағдар алады.
Айжақсы Тұржанова өз сөзінде 121 886 оқушы жазғы демалысты тиімді пайдалану үшін еңбек, танымдық, шығармашылық, спорттық, туристік шаралармен қамтылатынын айтты. Бұл ретте «Жасыл ел» бағдарламасы, аула клубтары, туристік-өлкетану бағытындағы жорықтар, тілдік мектептер, дебаттық және әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Сондай-ақ қала сыртында орналасқан «Балдәурен», «Фламинго» мен «Алау» лагері де балалар үшін жұмыс істейді.