Бейнеу және Маңғыстау аудандарымен шектес аумақта орналасқан “Тепке” деп аталатын жердегі мұнайгаз кенорнында бұрғылау жұмыстары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл Тәуелсіздік алған 30 жылда табылған аймақтағы құнды көмірсутектердің ең үлкен қоймасы. Кенорынға геолог-барлаушы Халел Өзбекғалиевтің есімі берілген.
Бұрғылау жұмыстарына Маңғыстау және Бейнеу аудандарының әкімдері және инвестор «Меридиан Петролеум» компаниясының вице-президенті Есен Күмісқалиев пен «Тепке» ЖШС бас директоры Қарамурзиев Беркін қатысты.
Жаңа кенорынды барлау жұмыстары бір жыл бұрын басталған болатын. Осы кезге дейін Бейнеу ауданының Төлеп және Маңғыстау ауданының Сай-Өтес ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізіліп, ашық тыңдаулар ұйымдастырылды.
«Бүгінгі біз тарихи сәтке куә болып тұрмыз. Алдағы уақытта Бейнеу және Маңғыстау аудандарының 150-ге жақын тұрғынын жұмыспен қамтып, аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді қосамыз. Бұл жұмыстар алдағы бес жылға жоспарланып отыр» - деді «Меридиан Петролеум» компаниясының вице-президенті Есен Күмісқалиев.
Жақын күндері компания аудан басшыларымен екі жақты меморандум жасап, жоспар бекітілетін болады.