Колледжде педагогикалық, медициналық, өнер саласы мамандығынан басқа мамандықтарға түсу емтихандары алынып тасталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының м.а Гүлбану Қызылғұлованың айтуынша, педагогикалық, өнер саласы мамандығын таңдаған талапкерлер конкурска қатыспас бұрын колледжге барып шығармашылық емтихан тапсырады. Ал медициналық мамандықтар бойынша психометриялық тестілеуден өтеді. Талапкер «Өтті» немесе «Өтпеді» деген нысанда бағаланады. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін шекті балл 4.0 дейін артты.
-Бұдан бөлек, техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыстарды қайта бағдарлауда басымдық берілетін болады. Бұл – химиялық өндіріс, энергетика, машина жасау, көлік(салалар бойынша), өндіріс, монтаждау, пайдалану және жөндеу(салалар бойынша), байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, ветеринария мамандықтары. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына талапкерлердің өтініштерін қабылдау 20 маусымнан бастап egov электрондық үкімет порталы арқылы жүргізіледі.
Жұмысшы мамандықтарына тапсырған талапкерлер колледжге тікелей қабылданады,- деді Гүлбану Қызылғұлова.
Конкурсқа өтініш берген кезде оқуға түсушілер 4 мамандыққа, 4 колледжге дейін оқыту тілін таңдайды. Конкурс талапкерлердің аттестатына сәйкес, міндетті және бейінді пәндердің орташа конкурстық балына автоматты түрде бөлу арқылы, педагогикалық, медициналық мамандықтарға, шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға білім туралы құжатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндердің орташа балы бойынша және қабылдау квотасын ескере отырып, жүргізіледі.