Биыл 9-сынып бітірген оқушыларға мемлекеттік тапсырысты арттыру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта өңірге қажетті мамандықтар тізімі анықталып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы
Жания Сармурзинаның сөзінше жыл сайын 9-сыныпты 11 мыңнан астам оқушы тәмамдайды.
-Мемлекеттік білім беру тапсырысы облыс әкімдігінің жанынан құрылған комиссияда қаралады. Мемлекеттік тапсырыс «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және жұмыспен қамту орталықтары, салалалық басқармалардың сұранысы негізінде қалыптастырылады,- деді Жания Сармурзина.
Облыста туризм кластерінің дамуына байланысты туризм, логистика, қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі, ІТ саласына мамандар дайындауға мемлекеттік тапсырыс саны артты. Жаңа кәсіптер атласына сәйкес ағымдағы жылы мамандықтар қатарына жаңа біліктіліктер қосылды: BIM техник, BIM қолданушы, сандық техника, техник сметашы.
Жаңа оқу жылынан робототехника және кірістірілген жүйелер, автоматтандыру және технологиялық процестерді басқарудың қолданбалы бакалавры, логопед қолданбалы бакалавры, тері және тон бұйымдарын өндіру технологиясы, киім дизайны мамандықтарын ашу жоспарланып отыр.
Биылдан бастап пилоттық режимде серіктес кәсіпорындардың нақты мамандарға сұранысына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Ол үшін компания алдын ала келісім-шартқа отырады.
-Колледж бен кәсіпорын арасындағы осындай тандемнің арқасында білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарына сай жаңартылады. Мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігі кәсіпорынға студенттік тәлімгерлер үшін және дуальды оқыту үшін төленеді. Оқытушылар серіктес кәсіпорында тағылымдадан өтеді. Кәсіпорын түлектердің бітіру емтиханына қатысып бағалайды. Ал ең бастысы студенттер оқудың барлық процесінде кәсіпорында практикалық тәжірибеден өтіп, оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Бұл тапсырыс берушінің де (кәсіпорынның), орындаушының да (колледждің) ортақ жауапкершілігін арттырады,-деді Жания Сармурзина.