Бүгін Маңғыстау облыстық полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаев тұрғындармен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан Аян Сәбитұлына “Ақтауда жол жиегіне жылжымалы “Крис-П” құрылғысының орнатылуы заңды ма?” деген сұрақ қойылды.
Өңірдің бірінші полицейінің сөзінше, фоторадарлар 4 наурыздан бастап қойылған. Сол уақыттан бері, жылжымалы радарлардың тұрған аумағында жол-көлік оқиғасы болмаған. Осы “Крис-П” құрылғысының көмегімен 4 наурыздан бері жылдамдықты асырған 738 факті анықталып, 7 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
- Ақтауда 2020 жылы 86 жол-көлік оқиғасы болып, 103 адам жарақат алып, 5 адам қаза тапты. Ал былтыр 110 жол-көлік оқиғасы болды. Одан 130 адам жарақаттанып, 15 адам бақилық болды. Жол апатының басты себебі - жылдамдықты арттыру. Сондықтан, біз жол-көлік оқиғаларын азайту үшін “үш аяқты камераларды” қала ішіне қойдық. Министрліктен қандай да бір нұсқаулық бар. Бірақ, нұсқау ол заң емес. “Крис-П” құрылғыларын қоюға заңмен рұқсат етілген, - деді Маңғыстау облыстық ПД басшысы Аян Сәбитұлы.
Махаббат Нұржанқызы