«Жыр жебе» айтыскер ақындар мектебінің шәкірттері Ердәулет Сардар мен Ерсұлтан Аушанов республикалық сөз бәйгесінде қос жүлдеден алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстаулық айтыскер Ердәулет Сардар Алматы қаласында өткен А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына және Серік Қалиевтің 50 жас мерейтойына арналған «Ұлт ұстазы – Ахмет» айтысынан І орын, Атырау қаласында өткен республикалық студенттер айтысынан Құлынтай Дәулетов атындағы арнайы жүлдені алды.
Ердәулет Сардар
Ал «Сам жалпы білім беретін мектебінің» 10-сынып оқушысы Ерсұлтан Аушанов Алматыда өткен «Тәуелсіздік мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық оқушылар айтысынан ІІ орынды, Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында өткен дәстүрлі «Жыр алыбы Жамбыл» атты оқушылар айтысынан І орынды қанжығаға байлады.
Ерсұлтан Аушанов
Ерсұлтан Аушанов алғашқы болып Алматы облысы Жамбыл ауданының жас ақыны Тұрсынбек Ұланмен айтысып, Айтақын Бұлғақов бастаған әділ қазылар алқасының барлығынан ең жоғарғы ұпай алып финалға өтті. Финалда Қызылорда облысының жас ақыны Ділназ Ержігітовамен сөз сайысына түсті. Нәтижесінде жоғарғы ұпайға ие болып онымен қоса жергілікті көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Қорытынды сөз кезінде танымал ақын Айтақын Бұлғақов маңғыстаулық Ерсұлтанның өнеріне ерекше баға беріп, киелі өлкенің атақты айтыскерлерінің ізін өз деңгейінде жалғастырып келе жатқанын, Нұрлан және Фархад Мұсаевтардың лайықты ізбасары екенін айырықша атап өтті, - дейді Ерсұлтан Аушановтың жетекшісі Нұрсұлтан Оңғарбайұлы.