Жүлдеге тұрмыстық техникадан бөлек мотоцикл тігілді. Ал топ жарған шабандоздар қаржылай сыйға ие болды. Аламан бәйгенің 24 шақырымын 11 жастағы Ақжан шабандоз бағындырды. Жас шабандоздың бапкері Жандос Айнабеков бәйгеге 3 ай дайындалғанын айтады.
“Өте қуаныштымын. Дайындалғанымыз ақталды. Бұл тәлімгерімнің екінші бәйгесі. Біріншісінен мотоцикл ұтқан. Бүгін 700 мың ақшалай сыйға ие болып тұр. Болашағы бпр шабандоз. Енді алдағы бәйгелерге дайындықты бастаймыз”,-деді бапкер Жандос Айнабеков.
Ал Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров бәйге өткізуде Мұнайлылықтар ұйымшылдық танытқанын айтады.
“Бұл біздің өткізіп отырған екінші бәйгеміз. Алғаш рет Батыр ауылының 10 жылдық мерейтойында өткізгенбіз. Бірақ бүгінгі бәйгенің орны бөлек. Әз Наурыз қарсаңында ұйымдастырған бәйгеге тек жергілікті еиес батыс өңірінің атбегілері қатысып отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Сондай-ақ осы істің басы қасында жүрген, Мұнайлыда жастар арасында атбегілік мектепті қолға алған Ахат Жұмажанов деген азаматқа ерекше алғыс айтамын”,- деді Рахат Тезекбайұлы.
Айта кету керек, бәйгенің ұйымдастырылуына мұнайлылық атбегілер мен әкімдіктен бөлек, жергілікті кәсіпкерлер мен “Aманат” партиясының Маңғыстау облысындағы жастар қанаты да мұрындық болды. Аламан бәйге думанға айналып, жиылған жұртқа палау таратылды.