Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың мейрамы 8 наурыз әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемдегі әсемдік пен сұлулық та, бойымыздағы ізгілік пен құт-береке ананың жүрегінен бастау алады. Әйел – рухани бастау ғана емес, әйел ертеңге деген сенім мен қажымас қайраттың қайнар бұлағы.
Біздің ата-бабаларымыз қыз баласын тіршіліктің тұтқасы, ұлттық дәстүр мен салт-сананы, тарих пен тілді сақтап, қадірін ұрпақтың бойына дарытушы деп қастерлеген халық. Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ел болашағын сыйлайтын – әйел, келін, ана. Сондықтан, біздің ең басты байлығымыз - алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі. Дүниеге сәби әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде жанкешті еңбек сіңірген ақ жаулықты аналарымыз қашан да біз үшін қымбат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел басына күн туғанда нәзік жандар қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласа білді. Қажырлы еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімі тарих беттерінде мәңгілікке жазылады»,- деп атап өткен болатын.
Бүгінде дамыған қоғамның қай саласында да қыз-келіншектердің қолтаңбасы бар.
Олар тек адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушы болып қызмет атқаруда. Ел өмірінің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосып жүрген қыз-келіншектеріміздің ерен еңбектерінің жемісі молая берсін!
Қадірлі аналар, арулар!
Баршаңызға тек мереке күндері ғана емес, ғұмырларыңыздың бар кезеңінде қуаныш, жақсылық және сүйіспеншілік лебі аялап жүрсін! Сіздерге дүниенің бар жақсылығын, қуанышы мен шаттығын, деннің саулығы мен көңілдің шуағын тілеймін! Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, әулеттеріңізде тек амандық болсын!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев