14 ақпанда «ӨзенМұнайГаз» компаниясының бұрғылау жұмыстары басқармасының бір топ жұмысшысы жұмысын тоқтатты. Басты талабы – жалақыны кемінде 41 пайызға көтеру. Жаңаөзенде мұнай саласының қызметкерлері көтерген мәселемен танысуға келген «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қабылданған шешімді мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еңбек дауын шешу жолын талқыладық. «ӨзенМұнайГаз» және мердігер, сервистік серіктестік жұмысшыларымен кездестім. Бұған дейін 10 пайызға көтерілген жалақыны тағы да 20 пайызға өсіру туралы келісім жасалды. Осылайша, осы жылы жалақының жалпы өсімі 30 пайызды құрайтын болады. Биыл жалақыны бұдан артық көтермейміз. Бұл соңғы шешім. Сондықтан, мұнайшылардан сұрайтыным – сабырлық танытып, әрі қарай жұмысты жалғастырайық, - деді «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
Алик Айдарбаевтың айтуынша, ереуілге шыққан азаматтардың басым бөлігі бұл шешіммен келіскен. Дегенмен, кейбір жұмысшылар мен кәсіподақ комитеттері жалақыны 40-50 пайызға көтеруді жалғастырып жатыр екен.