ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы өкілдігі ұйымдастыруымен өткен «Сағынышқа айналған әз-Мұхаммед» атты Мәуліт кешінде өңіріміздің ардагер имамдарына сыйлық жасалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты beket-ata.kz-ке сілтеме жасап.
«Имам – екі дүние сұлтаны, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізін жалғастырушы. Алла елшісі (с.ғ.с.) жеткізген дінді ғұламалар көрсетіп берген жолмен жалғаушы.
Маңғыстаудың киелі топырағында көптеген жылдар бойы қызмет етіп, Бекет атадан бастап Ержан хазіретке дейінгі тұлғалардың мұрасын жалғап, қиналғанға қамқор, жұртқа жанашыр, үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұлағатты ұстаз болып, қоғамның руханиятын арттыруда атқарған еңбектеріңіз үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Маңғыстау өкілдігінің атынан Сіздерге шын жүректен алғыс білдіреміз», дей келе Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Ақшұқыр, Ақшымырау, Онды, Сайөтес, Сенек ауылдық мешіттерінің имамдарына қаржылай сертификаттар берді.
Айта кетейік, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен шалғай ауылдардағы дін қызметкерлерін қолдау шаралары еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп жатыр.