Ақтауда 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығы «Мониторинг және эдвокаси» атты үш күндік оқыту-семинары өтті. Мұнда мемлекеттік қызмет көрсететін құзырлы мекемелердің ресурстары, сатып алу порталында жұмыс жасау әдіс-тәсілдері, азаматтардың қоғамдық бақылауды жүргізу бойынша құқықтық сауаттылық тақырыбы қозғалды.
Жобаны Еуропалық Одақ қаржыландырып, "Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы" «Мейірім» ҮЕҰ мен бірлесе жүзеге асырып отыр. Тренинг жергілікті қоғамдастықтың 50 қатысушысына – жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Адалдық алаңы, Арнайы мониторинг тобы және Антикор жанындағы ақпараттық-ағарту штабының мүшелері бастамашыл топтар және басқа да Маңғыстау облысының үш ауданының белсенді азаматтары үшін өткізілді.
Оқыту барысында спикер ретінде журналист Айнұр Коскина, «Zertteu Research Institute» құрылтайшысы, мемлекеттік қаржы жөніндегі сарапшы Шолпан Айтенова, адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйым бюросының төрағасы Александр Муха, экономист Жанат Нұрғалиев және журналист Асқар Ақтілеу өз тәжірибелерімен бөлісті.
- Жоба осы жылы басталды. Басты мақсат – қоғамда болып жатқан мәселелерге бей-жай қарамайтын белсенділер мен түрлі ұйымдар өкілдеріне, «Адалдық алаңы» мүшелеріне қоғамдық мониторинг әдістерін үйрету. Үш күнде үш түрлі тақырып қамтылды. Алдымен Қазақстандағы адам құқығы, елдегі құқықтық конвенциялар, оны пайдалану жайы түсіндірілді. Екінші күн қоғамдық мониторингтік жүргізудің тәсілдері мен бюджет құрылымына арналды. Қазір қаржының барлығы мемелекеттік сатып алу жүйесі арқылы игеріледі. Сондықтан, әр адам салық төлеуші ретінде бюджеттің тиімді жұмсалуына үлесін қосып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға дағдылануы қажет. Соңғы күні мониторингтік шешімдерді тиісті органдарға жеткізу тәсілдері, шешім қабылдау әдістері, көтерген проблеманы шешу мен соңына дейін жеткізу жолдары айтылды, - дейді «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» президенті Жібек Ахметова.
Оқыту семинарлары тәмамдалған соң белсенділер мен қоғамдық ұйымдар арасында қоғамдық мониторинг өткізу мен жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға шағын гранттар беріліп, қаржылай қолдау көретіледі деп жоспарланған.
Жібек Ахметованың айтуынша, аталған семинар-тренинг аясында барлық белсенділер мен қоғамдық ұйымдарды түгел қамту мүмкін емес. «Сондықтан шақырылған сарапшылардың көмегін пайдалана отырып, жоғарыда айтылған салаларға қатысты әдістеме-құралдар жасақтауды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
"Батыс Қазақстан-қоғамдық іс-қимылдар мектебі" жобасыекі жылға арналған. Қазір Ақтөбе, Атырау, Ақтөбе өңірлерінде жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны – 230 мың евро.
Кәмшат Сәрсенбаева