Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласындағы №1 және №2 кәріз суын тазартатын қондырғылардың (КОС-1 және КОС-2) жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
№1 кәріз тазарту қондырғысындағы басты мәселе – оның техникалық жағдайының нашарлығы. Қаладан шығатын кәріз суының 60% - дан астамы төменгі шағын аудандарға тиесілі. Жоғарғы шағын аудандарды кәріз жүйелерінің жұмысымен уақытылы қамтамасыз ету үшін, КОС-1-дегі кәріз сорғы станциясына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ғимарат аумағына жасыл желектер отырғызу қажет. Ал екі кәріз тазарту қондырғысын қосатын қысымды кәріз коллекторының құрылысы басталып кеткен, келесі жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта КОС-1-дің өндірістік қуаты тәулігіне 22 000 м3 ағынды суды құрайды. Ал КОС-2-нің қуаттылығы 30 мың м3, ол тәулігіне шамамен 18 000 м3 кәріз суын қабылдайды. КОС-1 желілерінің жалпы тозуы-80%. Сондай-ақ, кадр тапшылығы мен материалдық-техникалық жағдайы да мәз емес.
Қала халқының өсуіне байланысты тәулігіне 30 мың м3 құрайтын КОС-2 қуаты жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан КОС-2 қуаттылығын тәулігіне 70 мың м3 дейін арттыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, бұл қаладан шығатын кәріз суын толық жинайды және тазартады. Қазір мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде КОС-2-нің екінші кезеңін салу мәселесі қарастырылуда.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.