Таяуда облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының ұйымдастыруымен «Туған өлкемнің экологиясы» облыстық бейнероликтер қашықтық байқауы өтті. Тақырыбы айтып тұрғандай, өскелең ұрпақты туған жер табиғатын қастерлеуге баулитын бұл сайысқа 14 оқушы өз жұмыстарын жолдаған.
- ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастыру және оқушыларды туған өлке байлығын, табиғат көріністерін қадірлеуге, қорғауға үйрету мақсатында өткен бейнероликтер байқауына өңіріміздің жас экологтары қатысты, - деді орталықтың экологиялық-биологиялық бөлімінің әдіскері Төремұрат Исмағұл.
- Байқау байқауы қашықтықтан өткізілді. Сайысқа қатысушылар өздері тұратын аудан, қаласының ботаникалық, экологиялық, биологиялық, өлкеде мекен ететін аң-құстар мен өсімдіктерін, қазіргі таңда белең алған өзекті мәселелер туралы және экотуризм, ішкі туризм салаларын дамытуға бағытталған 5-7 минуттық қысқа метражды фильм мен жарнама арқылы шешілу жолдарын көрсетіп, ұсыныстарын білдірген.
Оқушылардың бейнероликтеріне сын көзбен қарап, бағалаған қазылар алқасы ұсынылған жұмыстардың қорытындысын шығарғанда «Экологиялық қысқа метражды фильм» аталымы бойынша екі қатысушыға ғана орын берілді. Атап айтқанда, осы аталымнан Бейнеу ауданы Сам орта мектебінің 9-сынып оқушысы Исламбек Сәрсенов пен Түпқараған ауданы Шахта орта мектебінің 7-сынып оқушысы Дария Бегендік 3-орындарды бөлісті.
Ал «Экологиялық қысқа бейнероликтік жарнама» бейнероликтері аталымы бойынша 1-орынды Ақтау қаласындағы №12 орта мектептің 9-сынып оқушысы Альбина Әбдіғалиева иеленді. Жаңаөзен қаласындағы №20 орта мектептің 11-сынып оқушысы Аққу Тажаддин 2-орынға шықса, 3-орынды Бейнеу ауданы Сам орта мектебінің 11-сынып оқушысы Азамат Ниятуллаев алды. Екі 4-орын Қарақия ауданындағы Қашаған атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Гүлім Танымбай мен Маңғыстау ауданындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Фатима Сырымға бұйырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА