Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерді аралап, әр мекеме жұмысымен жеке танысуды бастады. Департамент алғашқы сапарын «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Маңғыстау облыстық филиалынан бастады. «Мұндай турлар ашықтық болуына ықпал етеді» дейді аталған департамент басшысы Жандос Салимов.
«ҚазТрансГазАймақ» мекемесі басшысының орынбасары Алексей Прокопенконың айтуынша, өткен жылы облыста 134,68 шақырым газ құбыры жөндеуден өткізілген.
- Мұнайлы ауданына қарасты Батыр тұрғын үй массиві мен Басқұдық, Атамекен селолық округтері газбен толықтай қамтамасыз етілді, ал Жарма мен Басқұдық, Бейнеу, Боранқұл ауылдары ішінара газдандырылды, - дейді «ҚазТрансгазАймақ» мекемесінің өкілі.
Енді Мұнайлы ауданына қарасты Баянды-2 кентіндегі және Жаңаөзен қаласындағы қолданыстағы құбырлар ауыстырылмақ.
- Аталған турды табиғи монополиялар субъектілерінің міндеттеріне сәйкес, өндірістік мекемелердің жұмыстарын тұтастай қарау мақсатында өткізіп отырмыз. Турдың мақсаты – тұтынушыларға маңызды және қажетті ақпараттарды жеткізу, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асуы мен тарифтік сметалардың орындалуы барысын қадағалау. Келесі нысан Ақтау тұрғындарына жылу мен су қызметтерін тасымалдап отырған мекеме – «Каспий Жылу Су арнасы» болады, - дейді Жандос Салимов.
Департамент басшысының айтуынша, «табиғи монополиялар туралы заңға» сәйкес, аймақтағы 17 табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
- Департамент осы субъектілерге қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша жалпы сомасы 14 миллионнан астам теңгені құрайтын 17 іс қозғады. Оның ішінде 11 субъект мемлекеттік бюджетке 4 миллионнан астам айыппұл төлей отырып, қысқартылған іс жүргізу тәртібімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған 6 субъектіге қатысты жалпы сомасы 5 250 600 теңгеге әкімшілік жаза қолданылды, - дейді Ж.Салимов.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА