Маңғыстау облысындағы іскер әйелдер қауымдастығы 18 қыркүйекте өткен дүниежүзілік тазалық күніне «Тазалық сенен басталады» деген атаумен науқан ұйымдастырып өз үлестерін қосты.
- Тұрып жатқан қаламыздың әдемi де көрiктi және таза болғанын қаламайтын жан жоқ. Бiр қуанарлығы, соңғы жылдары бұл бағытта жақсы үрдiс қалыптасып келеді. Ақтау қаласын таза ұстауға бағыттылған шараларды Маңғыстау облысындағы іскер әйелдер қауымдастығы да жиі өткізіп тұрады. Биылғы науқанды «тазалық сенен басталады» деп атадық. Біз қаланы тазалықта ұстауға өз үлесімізді қосып, өзгелерге үлгі көрсетуіміз қажет. Бүгін 180-нен астам елде осы атаумен сенбілік өтіп жатыр. Біз 4 шағын аудандағы жағалауды таңдадық. Сенбілікке қатысқан әйелдер балаларын да алып шықты. Таңғы жетіден бастап таза ауада көңілді қалыппен жұмылып жұмыс жасадық. Нәтижесінде осыншама қоқыс жинап, оларды сұрыптадық, - дейді Маңғыстау облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Ирина Татиева тонналап жиналған қоқыстарды нұсқап.
Ирина Маңғыстау облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысатын жеке кәсіп иесі. Айтуынша, бұл кәсіпті таңдауында да үлкен себеп бар.
- Адамның ішкі тазалығы айналасына деген қарым-қатынасынан көрініс табады. Біреуге «қоқыс тастама» деп айтқанша, оны іспен дәлелдеп көрсетсең тез нәтиже береді. Әркім тазалық сақтауды ең алдымен өзінен бастаса, айналасын таза ұстаса ғана нәтижесі болады. «Бұл менің тастаған қоқысым емес, алайда бұл менің ғалам шарым» деген керемет сөз бар. Айтудан, үйретуден жалықпайық, - дейді И.Татиева.
Тіршілікте болмай тұрмайтын нәрсе – қалдықтар. Оның түрі мен қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, дер кезінде тазартып, жойып отыру да үлкен жұмысты қажет етеді. Өлкенің экологиялық жағдайын жақсарту үшін халыққа экологиялық білім мен тәрбие беруде әйел затының алар орны ерекше.
Маңғыстаудың іскер әйелдері жолдаған эстафетаны IT-лицейдің 8 «Д» сыныбы жалғастырып, Ақмыш ауылындағы орталық көшелерді тазалады.
Айта кетейік, «Ғаламшарды толық тазалау» атты дүниежүзілік тазалық күні 13 жыл бойы өткізіліп келеді. 2008 жылы эстониялықтар бастаған науқанға үш жылдан бері Қазақстан да қатысып келеді. Дүниежүзілік науқанның негізгі міндеттерінің бірі – жұртшылықтың назарын қоршаған ортаны қалдықтармен ластамау мәселесіне аудару, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтына, дербес экологиялық мәдениетті сақтауға бағытталған.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА