2022 жылдан бастап мұрағатшы, кітапханашы, музей және техникалық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өседі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова мәлім етті.
«Мемлекет басшысы биылғы жолдауында 5 бастаманы атап өтті. Оның ішінде ең төменгі жалақыны ұлғайту мәселесі. Бұл ретте 2022 жылдан 2025 жылға дейін азаматтық қызметкерлердің жалақысын орта есеппен 20%-ға өсіруді тапсырды. Олар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар мен көлік жүргізушілері. Сондай-ақ қоғамдық қызметкерлердің жалақысына да өзгерістер енгізіледі. Қазіргі уақытта олардың жалақысы 76,5 мың теңгені құраса, ең төменгі жалақының өсімін ескере отырып, бұл 108 мың теңгеге дейін ұлғаятын болады», деді Марина Альбекова.
Жолдау аясында Президент сапалы білім беру жүйесінің тиімділігіне тоқталды. Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта үш ауысымда оқытатын мектептерің мәселесін шешу жоспарланып отыр.
«Бүгінде облыстағы 15 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды. 40 мектепте орын тапшылығы бар. Осы мәселені шешу мақсатында кешенді даму жоспары әзірленіп жатыр. Жағдайларды ескере отырып, облыс бойынша əзірге 24 мектеп пен 11 қосымша құрылыс салуды енгіздік. Мұнда "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі пайдаланылатын болады», деді Марина Альбекова.