Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров мәлім етті.
«2021 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысына келген турист саны 139 мың адамды құрап отыр, бұл 2020 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 3,1 есе көп. Орналастыру орындарымен 3,1 млрд теңгеге қызмет көрсетілді», деді Бекбол Орынбасаров.
Мамандардың айтуынша, биыл Маңғыстау облысына келетін туристер саны 200 мыңға жетеді деген болжам бар. Өңірдегі туризм саласын дамыту мақсатында биыл 190 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 5 жоба іске асырылады деп күтілуде. Олардың қатарында: гольф-клуб, тақырыптық ойын-сауық паркі, виллалар мен апартаменттер кешенін салу және «Resort» курорттық-қонақ үй кешенінің құрылыстары бар.
«Бұл кешендер алдағы уақытта облыстағы туризм саласының дамуына және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге оң ықпал етеді. 2025 жылы жоспарға сәйкес облыс қонақтары мен туристер саны 750 мыңға жетеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарағанда 4,6 есе көп. Өңірде туризм саласы бойынша 2021-2025 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 300 млрд теңгеден астам қаражат және 13 жобаны іске асыру жоспарланған», деді облыс әкімінің орынбасары.