Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутат Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысындағы «Қошқар Ата» радиоактивті қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сонымен қатар Депутат "Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кезінде мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілген сметалық жобалық құжаттарды қайта қарауды және қалдық қойманы қосымша зерттеп зерделеу үшін ҚР ядролық физика институтына, радиациялық қауіпсіздік және экологиялық институтына тапсырыс берген. Ал қарастырылған қаржыны бөлуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Мұндай шешім өз кезегінде жобаның орындалу мерзімін тағы да ұзақ жылдарға кейінге қалдыру тәуекелін тудыратыны сөзсіз. Ол кезде жобаның құны қанша есе өсіп кететіні айтпаса да түсінікті", деді. Депутат жобаның орындалуын қандай негізге сүйеніп тоқтатып қойғанын сұрап, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сауалын жолдады.
Айта кетейік, кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивті қалдықтарды рекультивациялау жұмыстарын жалғастыруды сұрады. Осы орайда олар Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдаған болатын.