Түпқараған ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында көрнекі құралдар орналастырылған. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігімен келісім шартқа отырып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын ілгерлету және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында жұмыстар атқаруда. Бұл туралы «Antikor.live» жобасы аясында өткен тікелей эфирде аудан әкімі Айбек Қосуақов мәлімдеді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің айтуынша, әкімдікке қарасты квазимемлекеттік секторларда комплаенс қызметін енгізу бойынша мекемелерде жауапты мамандар бекітіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, әлемнің озық тәжірибесі негізінде енгізілген комплаенс қызметі компаниядағы нормалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының сақталуын бақылайды.
Сонымен бірге тікелей эфир барысында Айбек Қосуақұлы аудан деңгейінде отандық және шетелдік инвесторлармен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталды.
«Аудан бойынша 2020 жылдан келе жатқан облыстық инвестициялық жобалар тізіміне енген 5 үлкен жоба бар. Оның бүгінгі таңда 3 жобасы іске қосылды. 2 жоба осы жылдың төртінші тоқсанында қосылады деп күтілуде», деді Айбек Қосуақұлы.
Оның ішінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі «Бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы аясында ауданда құс фабрикасының құрылысын салу жобасының жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, эфирде аудан әкімі шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау мен несиелер беру жұмысының жүзеге асырылуына қатысты ақпаратпен бөлісті.
«2021 жылы Түпқараған ауданының 16 кәсіпкері шағын несие алып, олардың жиынтық сомасы 77 млн 510 мың теңгені құрап, 24 жаңа жұмыс орны құрылды», деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, тікелей эфирде аудан әкімі парасаттылық мәдениетін ілгерлету бойынша осы жылға арналған кешенді жоспардың орындалысы мен атқарылатын жұмыстар туралы жеткізді.
Эфир соңында Айбек Қосуақұлы: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыстарымыз жалғасатын болады. Бұл бағыттағы іс-қимыл- әрбір азаматтың міндеті деп білемін. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей еңсесі биік дамыған мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып – парасат бигінен көрінуге тиіспіз», деп ойын білдірді.