Құрметті жерлестер, қадірлі мұнайшылар қауымы!
Мұнай және газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақтың қара алтыны - Шебер-Табиғат-Ананың біздерге сыйлаған қазынасы. Шындығында бұл ең алдымен - Жердің қазынасы! Сол жерді мекен еткен елдің - несібесі!
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың: «ғаламдық экономиканың басты ресурсы мұнай - біздің өркениетіміздің энергетикалық негізі» - деп, айтуы да сондықтан.
Ғасырлар бойы білектің күші, найзаның ұшымен қорғап келген Ұлы Дала - бүгінгі ұрпақтың да өлшеусіз ырысы мен құты болып отыр. Жерінің үстін жасыл-желекке, өзен-көлге кем қылса да, астын алтын дарияға қарық қылғаны Жаратқанның мырзалығы да, әділеттілігі де болар. Әйтпесе, осындай қу тақыр, иен далада ұрпақ өсіріп, ел болып, тіршілік кешуде мағына болмас еді...
Өткен ғасырда қаншама ғалымдар, саяхатшылар экспедициялар ұйымдастырып, біздің топырағымыздың шынында да «түгін тартса май шыққан» құтты жер екендігіне көз жеткізді. Алғашқы барлаушылардың арасында жергілікті тұңғыш геолог Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының да есімі ерекше аталады. Кейінгі кен барлау істерін жүйелі жүргізуге бар күш жігерін салған академик Қаныш Сәтбаев болатын.
Осыдан тура 60 жыл бұрын Жетібай кенорынындағы № 6-шы ұңғыдан тұңғыш мұнай бұрқағы атқылады. Міне осы кездерден бастап-ақ, Маңғыстаудың тасы өрге домалап, бағы жана бастады. Аппақ шағыл құм, қатып-семіп жатқан тау-тас, қиыр далаға жан бітті. Қойнауындағы қара алтын қазақтың қазанына олжа, халыққа тіршіліктің көзіне айналды. Бүгінгі мұнай өндірісінің қарашаңырағы саналатын Маңғыстаумұнайгаз (Мангышлакнефть) өндірістік бірлестігі құрылды. Кейін «Өзен» мұнай кәсіпшілік басқармасының негізі қаланды. Бүгінгі Жаңаөзен қаласы бой көтерді. Тұңғыш Қазақ газ өңдеу зауыты салынды. Мұнай тасымалдау жүйесі қалыптаса бастады. Көптеген барлау, өндіру, жалпы өндіріске қатысты сервистік мекемелер дүниеге келді. Осылайша, мұнай мен газ ұлттық экономиканың локомотивіне айналды.
Ең алғашқы зерттеушілер, барлаушы-геологтардан бастап, өндіру-тасымалдау секілді кешенді өндірістік тізбекті құрайтын барлық мұнайшы мамандардың кәсіби шеберлігі мен ерліктеріне бас иеміз, лайықты құрмет тұтамыз!
Еліміз соңғы кездері жыл сайын 80 миллион тоннадан астам мұнай өндіріп келеді. Қазақстандағы мұнай қоры 30 миллиард баррель деген есеп бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жаңа Жолдауында: «жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет. Жер қойнауы – ұлттың байлығы!»-деген болатын. Демек, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында мұнай мен газ кешенінің даму көкжиегі әлі де жарқын. Қазақ мұнайшыларының алдында жаңа белес, жасампаз мақсаттар тұр.
Қазірдің өзінде еліміздің бюджетінің негізгі кірістер бөлігін мұнай мен мұнай саласына қатысты түсімдер құрайды. Яғни, біздің бүгінгі бақуатты өміріміз бен жеткен жетістіктерімізге тікелей сіздердің қосып отырған үлестеріңіз зор. Біз мұның барлығына қажырлы еңбек пен ұжымдық ауызбіршіліктің арқасында ғана қол жеткізіп отырмыз. Вахталық ауысыммен жанұядан жырақ жерде жарты ғұмырын өткізіп жүрген әр мұнайшы - бір ғана отбасының асыраушысы емес, тұтас ел-жұртының да несібесін түгендеуші екендігін түсіну керек.
Қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаев атамыздың Маңғыстаудағы алғашқы мұнай өндірісі туралы естелігінде аса құнды деректер бар: «Мұнайшылар адам төзгісіз ауыр жағдайда еңбек етті. Олардың жұмыстан кейін жататын жерлері де жоқ болатын, жертөле қазып түнейтін. Денелеріне жұққан мұнай қалдықтары уақытында тазаланбағандықтан түрлі тері ауруларын туғызатын»-деп еске алады Сафи Өтебайұлы. Біз осындай азап кешіп, қиындыққа төзе білген аға буынның аманатына адал болып, олардың ізгі істерін ауызбіршілікпен жалғастыруымыз қажет.
Ат үстінде ел қорғаған батыр бабалардың ұрпағы мал бағып, тіршілік қылды. Олардан туған буын мұнайшы деген мамандықты меңгеріп, оны атакәсіпке айналдырды. Бүгінде бірнеше буын ұрпақтары осы саланы меңгеріп, мұнайшылықты династиялық мамандыққа айналдырған әулеттер бар.
Құрметті мұнай саласының еңбеккерлері!
Сіздерді тағы да осы бір даңқты, мерейлі мамандықтың атаулы мерекесімен құттықтаймын!
Баршаңызға еңбекте табыс, зор денсаулық тілеймін! Отбасыңызға ынтымақ пен ырыс қонғай! Тәуелсіз Қазақстанның дамуына толағай үлес қосып, бірлік пен берекеге кенеле берейік! «Майлы қиян» атанған Маңғыстауымыздың мәртебесі асқақтай бергей!