Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылды. Әсіресе денсаулық сақтау мен білім беруге ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, Президент азаматтарды жаппай вакцинациялауды жалғастырудың өмірлік қажеттілігі мен вакцинацияға қарсы идеялардың аса қауіпті екендігін тағы бір рет еске салды. Білім беру саласында 2025 жылға дейін бүкіл ел аумағында мыңдаған жаңа мектептер салу арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайту міндеті қойылды. Сонымен қатар, Үкіметке қашықтан оқыту форматын дамыту, жетекші ғалымдардың лайықты жалақысын қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл үрдіс биылдан бастап қолға алынып та кетті. Мәселен, Есенов университетінде екінші жоғары білімді қашықтықтан оқып, диплом алуға жағдай жасалды.
Аймақтық дамыту бойынша Президент бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың басталатынын жариялады. Мәселен, газ құбырлары, су қоймалары мен су арналарын салу мен қайта жаңарту қажеттігін атап өтті. Соның ішінде Маңғыстау облысында көптен бері шешімін күттірген өзекті мәселелерін нақты шешілетіні жөнінде айтылды: "Астрахань-Маңғыстау" ауыз су құбырын қайта жасақтау, Кендірліде су тұщыту зауытын салу – бұл Жаңаөзен қаласын сумен қамтуға толық мүмкіндік береді және "Бейнеу-Ақтау" газ магистралінің құрылысы.
Еңбек нарығының дамуы жөнінде мамандарды қайта даярлауды, жұмыспен қамтудың жаңа формаларын дамытуға баса назар аударылады. Мысалы, ең төменгі жалақының 42 500-ден 60 000 теңгеге өсуі қазақстандықтардың көпшілігіне оң әсер етеді. Кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ынталандыру жеке секторда жұмыс істейтін адамдардың әл-ауқатына ықпал етеді.
Президент Жолдауда көрсетілген барлық бастамалар мен стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамның күш-жігерін біріктіру қажеттігін айтты. Осы орайда партияластарды, депутаттарды Жолдаудағы бағыттардың іске асуына белсене атсалысуға шақырамын.
Е. Әбілов
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары