Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстанда жастардың білім алуы мен дамуы үшін зор мүмкіндік бар. Оның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президенттік жастар кадр резервін құру. Басты мақсат – жас таланттарды анықтау.
«Кандидат ҚР азаматы болуы тиіс және жасы 35-тен аспауы қажет. Жоғары білімді еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы шарт. Биыл президенттік жастар кадр резервіне құжаттарды қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Кандидаттардың стратегиялық ойлау, қызметті басқару, көшбасшылық сияқты қабілеттері тексеріледі. Резервке іріктеу бойынша соңғы шешімді кадр резерві бойынша ұлттық комиссия қабылдайды. Құжат қабылдау және іріктеу арнайы онлайн-платформада іске асырылатын болады. Деректерді pkrezerv.gov.kz арнайы интернет порталынан білуге болады», - деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Айта кетейік, президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы өткізілді. Республика бойынша оған 300 адам енгізілді. Оның ішінде 106 адам жеке сектордан, 98 адам квазимемлекеттік сектордан және 96 адам мемлекеттік қызметтен болды. Қазір резервке кірген 300 адамның 184-і немесе 60 пайызы жұмысқа орналасты.