Ақтауда 2021-2022 жаңа оқу жылында 1 110 орынды құрайтын 4 жекеменшік мектеп іске қосылады. Бұл туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева мәлім етті.
«Қазір оқушы орнының тапшылығы қаламыздың білім беру саласындағы негізгі мәселеге айналды. Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ақтауда жекеменшік мектептер желісін ұлғайту ісі қолға алынды. Осыған орай, жаңа оқу жылында 1110 орынды құрайтын 4 жекеменшік мектеп іске қосылады. Олар "Балдырған" бастауыш мектебі, "Ақтау қыздар лицейі", "Самұрық" зияткерлік мектебі және "Дарын" мектеп-лицейі», - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Айта кетейік, Ақтау қаласындағы 32б шағынауданда орналасқан "Балдырған" бастауыш мектебі 2 ауысым бойынша жұмыс істейді. 15 шағынауданда орналасқан "Ақтау қыздар лицейі" тереңдетілген бағытта білім береді.
2 шағынауданындағы "Самұрық" зияткерлік мектебі зияткер оқушыларды қабылдайды. 24 шағынауданда орналасқан "Дарын" мектеп-лицейіне биыл 600-ден астам оқушы барады. Салаға жауаптылар жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін жүкті жеңілдетуді көздеп отыр.