Маңғыстау облысы атынан қатысқан «Елбасы медалінің» 39 иегеріне еліміздің жоғары оқу орындарына білім гранты тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еліміз бойынша барлығы 605 медаль иегері грант алды. Гранттардың ең көп бөлігін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда және Павлодар облыстарынан келген болашақ студенттер алды. Ал жүлдегерлер арасында ең танымал оқу орындарының ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Сүлеймен Демирел атындағы университет және Astana IT University бар.
«Елбасы Академиясы жобаларының әрбір қатысушысы – біздің мақтанышымыз. «Елбасы медалі» жобасы дарынды жастардың, әсіресе, ауыл балалары үшін болашақ табыстарға жетуіне маңызды қолдау болатынын көріп отырмыз. Жақында осы мақсатта тағы да бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір жас қазақстандықты жобаларға қатысуға шақырамыз», - деді «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин.
«Елбасы медалі» жобасына барлығы 21 мыңнан астам бала қатысты. Оның ішінде 6 078 қатысушы бағдарламаны аяқтап, қола және күміс медальдарға иеленді.
Айта кетейік, бұл – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жоба. Бағдарлама 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхат мен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған.