Маңғыстау облысында ISO:37001 парақорлыққа қарсы пайда болған халықаралық стандартты қабылдауға квазимемлекеттік секторлар, әсіресе, медицина саласы қызығушылық танытып отыр.
Өңірде қалалық перинитарлық және СПИД орталықтары, №2 қалалық емхана, облыстық көпбейінді аурухана аталған стандартты енгізу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Antikor орталығында өткен эфирде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Айгүл Демеуова мәлімдеді.
Оның сөзінше, ISO:37001 стандартын енгізу барысында ішкі жұмыс барысы мен бизнес процестер зерделенеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі талдау жүргізіледі. Сондай-ақ, стандарт аясында жүргізілген талдау нәтижелерін мекемелер мен компаниялар ресми сайттарында жариялайды.
«Сыбайлас жемқорлық шараларын болдырмауды ең алдымен, мекеме басшылары қолға алуы керек. Біз ұжымдармен кездесіп, ISO:37001 парақорлыққа қарсы халықаралық стандартты барынша түсіндіріп жатырмыз. Бұл стандартты енгізу арқылы мекеменің ішкі құжаттарын реттеп, дұрыс бағытқа қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді төмендету бойынша жұмыс істейміз» деді Айгүл Амангелдіқызы.
Тікелей эфир спикері Айгүл Демеуова ISO:37001 стандартын енгізу ашықтыққа алып келетінін айта келе, бұл өз кезегінде, компания қызметкерлерінің жауапкершілігін көрсететінін атап айтты.
Сонымен қатар, тікелей эфирде Департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали ISO:37001 стандартын енгізу тек қана сыбайлас жемқорлық деректерін алдын алу ғана емес, мекеменің негізгі көрсеткішіне әсер етіп, бизнес процесстерді жақсартады деп пікір білдірді.
Бұдан бөлек, эфир барысында комплаенс қызметін енгізудің маңыздылығы сөз болды.
Айта кетейік, әлемнің озық тәжірибесі негізінде енгізілген комплаенс қызметі компаниядағы нормалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының сақталуын бақылайды.
Ал комплаенс қызметі енгізілгеннен бастап ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы бойынша филиалы мен Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті тарапынан бірлескен шаралар өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Айгүл Демеуованың сөзінше, мекемедегі тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелердің барлығын зерделейтін комплаенс офицерлер компанияның жұмысын біраз жеңілдетеді. Бірінші басшығы тікелей бағынатын комплаенс қызметкерлерді қыркүйек айында академия алғаш рет оқытуды бастайды.