Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев айтты.
Оның мәліметінше, өңірде 1–10 тамыз аралығында коронавирус инфекциясының 2 136 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 231-і 14 жасқа дейінгі балалар.
«Қазір коронавирус инфекциясын 14 жасқа дейінгі балалар көптеп жұқтырып отыр. Мәселен, өңірде соңғы 10 күнде қауіпті індетке 231 бүлдіршін шалдыққан. Ал маусымда коронавирус инфекциясымен барлығы 245, шілде айында 814 бала ауырған. Бұл дерек бізді қатты қынжылтады», - деді ол.
Айта кетейік, тамыз айы басталғалы облыста 30-39 жас аралығындағы 493 азамат «COVID-19» инфекциясына шалдықты. Спикердің айтуынша, жергілікті тұрғындар, әсіресе, жастар адам көп шоғырланатын жерлерге баруды тоқтатпаған.
«Бүгінде сақтық шараларын сақтап, сыртқа көп шықпаған абзал. Вакцина алу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Осы орайда жастарды эпидемиологиялық ахуалға жауапкершілікпен қарап, түрлі той, қыдырыстарға тоқтау қоюға шақырамын», - деді Ғазиз Надуев.