Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы жанындағы дін мәселелері жөніндегі ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары Пиязбек Айтмаханбет айтты.
«Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп бұйырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адам баласы қадыріне жете бермейтін екі нығмет бар. Ол - уақыт пен денсаулық» деген. Сондай-ақ, «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты», деп айтқан. Міне, осы арқылы денсаулыққа көңіл бөлудің маңыздылығын түсінуге болады», - деді ол.
Спикердің айтуынша, шариғат бойынша қажет жағдайда екпе салуға болады. Әлемдік медицина мамандары «Covid-19» індетінің алдын алуда вакцинациялаудың маңыздылығын айтады. Өйткені екпе қабылдау - адам денсаулығын сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі.
«Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес» деген Абай атамыз. Мәселен, басымызға бір қиын іс түссе оның Алладан екендігін білеміз. Алайда өзіміздің де кінәмізді саналы түрде мойындап білуіміз керек. Демек денсаулығымызға аманат ретінде қарап, сақтық шараларын күшейткеніміз абзал», - деді Пиязбек Айтмаханбет.