Кеше індеттен өңірімізге белгілі, кәсібіне адал, өз ісінің нағыз шебері, білікті дәрігер Морозов Валерий Семенович өмірден озды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Морозов Валерий Семенович 1950 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында қызметшінің отбасында дүниеге келген. 1969 жылы Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түсіп, 1975 жылы еңбек жолын Жаңаөзен қалалық емханада невропатолог дәрігері болып бастады. 1982 жылдан бастап қалалық емханада бөлім меңгерушісі, невропатолог, кейінгі жылдары көпбейінді ауруханада неврология бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек етті. Ол медицина саласына өмірінің 46 жылын арнады.
Ерен еңбегі үшін ол "Шапағат" ордені мемлекеттік наградасымен марапатталды.В.С.Морозов " Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы".
Валерий Семенович Морозовтың өңіріміздің медицина саласын дамытуға қосқан үлесі орасан зор, қала халқы оның жанқиярлық еңбегін, кәсібіне адалдығын, адамгершілігін, мейірімділігін жоғары бағалайтын. Ол талай науқасты өлім аузынан аман алып қалған абзал жан еді. Күні кеше осы індеттен В.С.Морозовтың жолдасы да көз жұмды. Қош болыңыз, Валерий Семенович, Сіздің жарқын бейнеңіз мәңгі есімізде қала бермек, деп жазды Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.