Құрметті құрылысшылар және сала ардагерлері!
Маңғыстау облысы - тұрғын үй құрылысы және жол құрылысы бойынша елімізде үздік аймақтар қатарында. Бұл өңірдегі құрылысшы мамандарының қызу еңбегінің нәтижесі.
Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты.
Маңғыстау өңірінде құрылыс саласы ерекше қарқынмен дамып, ауыз толтырып айтарлықтай толағай табыстарға қол жеткізуде. Жыл сайын кәрі Каспий жағалауымен жапсарлас көкке қол сермеген биік ғимараттар, сән-салтанаты үйлесім тапқан неше алуан көрнекті нысандар, жайлы тұрғын үйлер үздіксіз бой түзеп келеді. Әсіресе, мұнайлы өлке өңіне ерекше рең беріп, ақмаржан Ақтау ажарын айшықтай түскен әсем де әдемі заманауи ғимараттар өз ісіне адал, еңбекқор жандардың ұшқыр қиялынан қанаттанған теңдесіз туындылар деуге болады. Осы орайда егемен еліміздің іргетасын қалауда ерен еңбек сіңірген құрылыс саласының құрыш қол майталмандарын төл мерекемен шын ниетпен құттықтаймын!
Соңғы жылдары облыста құрылыс жұмыстары жеке тұрғын үй құрылысымен қатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қарқынды іске асырылып жатыр. Былтыр аймақта 1,2 млн. шаршы метр үй қолданысқа берілсе, биыл да сол межені орындауды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, жол құрылысы мамандарының күшімен биыл Маңғыстауда 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр.
Қызу еңбектің бел ортасында тер төгіп жүрген сала «сайыпқырандарына» құрылысты ілгерлету ісін тың серпінмен алға сүйреп, өңір экономикасының сан-саналы дамуына қосқан лайықты үлестеріңіз үшін алғысымды жеткізгім келеді.
Бойларыңызға сарқылмас қуат пен жігер, толайым табыс пен жетістік, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов